Еңбек адамдар жылы аясында, біз жұмыстары көзге көрінбейтін, бірақ маңызды жұмыс атқаратын жандар жайлы айтамыз. Солардың бірі — он жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Амурбек Молдыбаев. Ол жай ғана қызметкер емес, «Бурабай даму» компаниясының тарихының бір бөлігі.
Амурбек компания құрылған алғашқы күндерінен бастап жүргізуші болып жұмысқа қабылданды. Ол бұл жолды рөлде жүріп өтті. Он жыл ішінде Бурабайдың жолдарымен он мыңдаған шақырым жүріп, мыңдаған туристпен кездесіп, сансыз алғыстарға ие болды.
— Мен жай ғана жүргізуші емеспін, — дейді Амурбек жымиып. — Туристер Бурабайға келгенде ең алдымен мені көреді. Менің жүргізу мәнерім, адамдарға қарым-қатынасым — курорт туралы алғашқы әсерге тікелей әсер етеді.
Амурбек Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген туристерді тасымалдаған. Америкалықтар, француздар, немістер, арабтар, корейлер, қытайлар… Ол осы жылдар ішінде көптеген шетелдік туристпен жолығып, тіпті оларды сөзсіз-ақ түсінуді үйренгенін айтады.
Жұмысындағы ұқыптылығы, жауапкершілігі, тәртібі мен әріптестеріне деген құрметі арқасында Амурбек Молдыбаев завгар қызметіне дейін көтеріліп, қазіргі таңда автокөлік инженері болып жұмыс істейді.
Оның еңбек жолы — кәсібіне адалдық пен дамуға ұмтылудың арқасында жетістікке жетуге болатынының жарқын мысалы.
Амурбек — курорттың күнделікті жұмысына тірек болатын команданың маңызды мүшесі. Осындай жанашыр жандар Бурабайдың туризмін алға жылжытып, қонақжайлық атмосферасын қалыптастырады.